ЕҚҚДБ Orzax Central Asia компаниясына зауыт құрылысы үшін 25 млн еуроға дейін несие береді

Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚҚДБ) Orzax Türkiye компаниясының жақында құрылған еншілес кәсіпорны Orzax Central Asia-ға Түркістан облысында тағамдық қоспалар шығаратын жаңа зауытты салу және пайдалану үшін 25 млн еуроға дейін несие бөледі. Бұл туралы банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығының тілшісі хабарлайды.

«Жаңа зауыт Orzax Türkiye-нің алғашқы халықаралық өндірістік базасы болады және компанияның өсу стратегиясының негізін қалайды. Пайдалануға берілгеннен кейін зауыт Азия мен Шығыс Еуропадағы тұтынушылардың сұранысын қанағаттандырып, Қазақстанды жоғары сапалы тағамдық қоспалар өндірісінің аймақтық орталығына айналдырады. Қауіпсіз, сертификатталған қоспалардың жергілікті өндірісін кеңейту арқылы жоба қолжетімді отандық өнімге қол жеткізуді жақсартуға ықпал етеді. Бұл сауатты тамақтануға көшу үрдісін қолдап, Қазақстанның, Орталық Азияның және одан тыс аймақтардың денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені азайтады», - деп түсіндірді банк өкілдері.

ЕҚҚДБ Қазақстанның азық-түліктің көптеген түрлері мен тағамдық қоспалар бойынша айтарлықтай импортқа тәуелді екенін атап өтті. Бұл инновацияларды енгізуді шектейді, еңбек әлеуетінің дамуын тежейді және елге өзінің ауыл шаруашылығы ресурстарын толық көлемде пайдалануға мүмкіндік бермейді. Аталған жоба осы тәуелділікті еңсеруге көмектеседі.

Еске салсақ, Түркістан облысында аумағы 52 гектарға жуықтайтын Қазақстандағы ең ірі «Экокультура Евразия» жылыжай кешені жұмысын бастады. Сондай-ақ, өңірде пластикалық ыдыс-аяқ шығаратын болашақ BEREKE PLASTIC зауытының капсуласы салынғаны хабарланған болатын. Жобаның құны 7 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар облыстың Түлкібас ауданында қуаттылығы жылына 48 мың тонна болатын құс етін өндіретін фабрика салынады.